Бірінші жоба – «Жылжымайтын мүлік объектілерін рәсімдейтін онлайн мәмілелер» шеңберінде – 1 шілдеден бастап қазақстандықтарда ХҚКО мен нотариусқа бармай-ақ онлайн режимде тұрғын үй сатып алу және сату мүмкіндігі пайда болады. Бұл - Freedom Bank-пен жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу бойынша бірлесіп әзірленген пилоттық жоба.
«Цифрлық нотариат» 2023 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істейді. Сенімхаттарды, консультациялар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерін нотариустан бейне қоңырау арқылы алуға болады. Клиентті сәйкестендіру биометрия құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
«100 мыңға жуық сенімхат берілді. Азаматтардан ешқандай шағым түскен жоқ. Тіпті адамдар шетелден сенімхат алу үшін келген жағдайлар болды, енді олар құжаттарды eGov арқылы ала алады», - деп атап өтті спикер.
Адвокаттық, нотариаттық, сот-сараптамалық қызметпен, жеке сот орындаушысы және патенттік сенім білдірілген өкіл болу құқығына «аттестаттау реинжинирингі» жобасы сәтті іске асып жатыр. Комиссиямен ауызша сөйлесу кезеңі алынып тасталды. 4036 үміткердің 1100-і өз мамандықтарына қол жеткізді.
Вице-министр атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру жөніндегі жобалар туралы да баяндады. ІІМ-мен бірлесіп автокөлік құралдарына тыйым салу сервисі аяқталып, іске қосылды. Борышкерден төлем қабылдап, оны тізімнен шығару сервисіне Береке мен Жусан банктері де қосылды, бұған дейін бұл функция тек Каспи банк пен Қазпоштада болған.
«Олар арқылы айыппұлдарды төлеуге болады және шоттарды бұғаттау бірден алынып тасталады. Мәселен, азаматтар өзінің шетелге шыға алмайтынын әуежайда ғана біліп, ұшып кете алмай тұрғанда, мобильді қосымшалар арқылы сол жерде төлем жасап, ұшуына болады», - деді Бекболат Молдабеков сервистің тиімді тұстарын атап өтіп.