Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.
Шымкент қаласында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар 196 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді.
«Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жайлы орта қалыптасып, барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Меншік иелері объектілерді құрылыс нормаларына сәйкес келтіру үшін жұмыстар атқаруда. Көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар шағымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, кіру топтарын жаңғыртуда. №1 қалалық емханаға барған кезде денсаулық сақтау мекемесінің қолжетімділігі көңіл қуантады. Сондай-ақ жақында PARK HEALTH емханасына болдым, онда кең кіру алаңы мен кіреберіс есіктер ыңғайлы етіп жасалған, кресло-арбалармен қозғалатын мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы касса орнатылып, тактильді плиткалар мен көрсеткіштер қойылған. Бұл азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың ең көп баратын орындары», – деді бірінші топ мүгедектігі бар Шымкент қаласының тұрғыны Исхақ Айдарбеков.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 74 тексеру жүргізді. Оның ішінде: 45 – жоспардан тыс тексерулер, 23 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 6 – тексеру.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 45 ұйғарым берілді, 4 млн теңгеден астам сомаға 26 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.