Бүгінгі таңда Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығының базасында ғалымдар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жағдайына мониторинг жүргізіп жатыр.
«Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Ұлттық спорт қауымдастығы мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы бірлесе отырып, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрешілік ететін төрешілердің халықаралық семинарын өткізбек. Бүгінде семинар кестесі мен оқу бағдарламасы әзірленіп жатыр», – деді спикер.
Қауымдастық қызметінің басым бағыттарының бірі – ұлттық спорт саласында білікті кадрлар даярлау. Қазақстан тарихында алғашқы рет «Ат спортының ветеринариясы» және «Ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандықтары бойынша Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақ спорт - туризм академиясымен бірлесіп білім беру бағдарламалары әзірленді. Екі білім беру бағдарламасы да инновациялық мемлекеттік тізімге енгізілді. Биыл аталмыш оқу орындары 2 мамандық бойынша талапкерлерді қабылдап бастайды.
Сондай-ақ, осы жылдың жылдың наурыз айында Жоғары ұлттық спорт мектебі құрылды. Ұлттық спорт мектебі ұлттық спорт түрлері бойынша мамандардың біліктілігін арттыру және қолданбалы зерттеулер жүргізу бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттырудың 8 бағдарламасы әзірленген. Төрешілер үшін «Теңге ілу», «Көкпар», «Көк-бөру» (қырғыз) спорт түрлері бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізіліп жатыр.