Осылай, жыл басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 10 есе ұлғайды. Шомылу маусымының басталуымен су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖ министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 42 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылды. Шомылу маусымының басталуымен суға батып қайтыс болғандардың 15%-ы немесе 10 жағдай рұқсат етілген, 85 %-ы  немесе 54 жағдай рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көздерінде орын алып отыр. 

«Осы тұрғыда, тағыда халықтың назарын аударғымыз келеді: Су айдындарында өздеріңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін рұқсат етілген, қауіпсіз орындарда демалуға шақырамыз! Қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ көздерінде және әкімдіктер мен өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің сайттарында орналастырылады», – деді спикер.

Бүгінгі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мыңнан астам көл бар, оларды азаматтар шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланады, онда әкімдердің шешімдерімен бекітілген 708 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт орындары жабдықталды, оның ішінде 167-і коммуналдық және 425-сі жеке жағажайлар, қалған 116-сы спорт және туристік мақсаттарға арналған.