Оның айтуынша, жыл басынан бері патрульдеу кезінде 131 адам құтқарылды, олардың ішінде 35 бала болды.
«Бұл жерде назар аударатын нәрсе: әрбір азамат жол жүру ережесін сақтаған сияқты, судағы жүріп тұру қағидаларында қатаң сақтауы тиіс. Себебі, «Шәкірт дайын болғанда ғана ұстаз келеді» демекші, біз қанша ескерту, оқыту, алдын алу шараларын ұйымдастырғанымен, ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы – ол адамның өзі екенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік ережелерін бұзушыларға әкімшілік әсер ету су айдындарындағы оқиғалардың санына оң нәтиже беруде. Өздеріңіз, жақындарыңыз және балаларыңыз судан жапа шегуінің алдын алу үшін, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет», – деді спикер.
Біріншіден, балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеу қажет. Балаларыңызды жүзуге үйрету керек. Екіншіден, бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері орнатылған жерлерде суға түспеген жөн.
«Мас күйде шомылмаңыз. Жүзудің шекарасын белгілейтін қалытқылардан асып кетпеңіз. Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз. Жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз», – деді ведомство өкілі.
Осы қарапайым ережелерді ұстану адам өмірі мен денсаулығын сақтауға сеп болады. Ал, апат болған жағдайда ҚР ТЖМ Дағдарыс жағдайлар басқармасының «112» телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет.