12 шілдеде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті. Су апатынан зардап шеккен 6 өңірде, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 12 - шілдеге дейін ұзартылған болатын. ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Биыл мектеп түлектерінің саны артып, 181 мыңнан астам талапкер, ҰБТ-ны екі мүмкіндікті қоса есептегенде, 326 мың рет тапсырды. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында хабарлады.
Оның айтуынша, былтырмен салыстырғанда биыл ҰБТ тапсырғандар саны 20 мыңға артық болды.
«Бұл Қазақстандағы демографиялық жағдайдың жақсарғанын және жоғары білімге сұраныстың артуын көрсетіп отыр. Алдын-ала ақпарат бойынша, 139 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Олар грант конкурсына қатыса алады», – деді спикер.
Соңғы үш жылдың ішінде алғашқы рет 140 балл жинаған талапкер анықталды. Бұл – Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек. 139 балды 2 тестіленуші: Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Аталған үш талапкер ауыл мектептерінің түлегі болып табылады. 716 оқуға түсуші 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Брифингтерден хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналға жазылыңыз!