Жоба үш негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі – Солтүстік Арал мен Сырдария өзенінің саласындағы инфрақұрылымды дамыту және гидрологиялық жағдайын жақсарту. Екіншісі – Қызылорда облысындағы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайды қолдау. Үшіншісі – су ресурстарын басқарудың ақпараттық базасы мен жүйелерін жаңарту.

«Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Көкарал бөгеті салынды және Солтүстік Аралдағы су көлемі 27,1 млрд текше метрге жетті. Екінші кезең су ресурстарын басқаруды жақсартуға, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыруға арналған», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесуде.