Оның айтуынша, заң халықтың сауаттылығын арттыру, жарнаманы шектеу, сапалы медициналық көмек көрсету, мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы лудомания проблемасын шешуге бағытталған. Құжатты әзірлеу кезінде Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары түгелдей ескерілген.
«Заңды әзірлеу процесіне барлық мүдделі тараптар қатысты, қажетті қорытындылар алынды, 18 норма бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, ашық қоғамдық талқылаулар өткізілді. Заңды даярлау барысында қарсылық пен лоббизмге де тап болдық. Алайда, халықтың қолдауы жұмысқа демеу берді. Бұл ретте 50 мың қол жинаған петицияның маңыздылығын да атап өтемін. Ынтымақтастықтың нәтижесінде қоғамның көңілінен шығатын тарихи Заң жарық көрді», – деді спикер.
Ведомство өкілі Министрлік атынан 1,5 жыл бойы жобаны даярлап шыққан депутаттарға, әзірлеуге ат салысқан әріптестерге, қоғам белсенділеріне, сырттан жанкүйер болған отандастарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, кейбір нормалар әлі күнге дейін мүдделі топтар тарапынан сынға ұшырап отыр. Алайда, жеке компаниялардың табыстары мен ұлттың келешегі таразыға салынып, Парламент пен Үкімет халықтың үніне басымдық берді.