«Бүгін біз жаңа Қан орталығының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Жылына 10 мың адамға қызмет көрсете алатын нысан аймақ үшін үлкен маңызға ие. Біздің басты мақсатымыз — ұлт денсаулығын сақтау. Дені сау ұлт — мемлекетіміздің дамуының кепілі», — деп атап өтті вице-премьер Тамара Дүйсенова шара барысында.

Тамара Дүйсенова сөз барысында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау саласындағы шаралар туралы да айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылуда. Екі жыл ішінде елді мекендерде 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарын салу көзделген. Аудандық ауруханалар да жаңғыртылады.

Қызылорда облысында жыл сайын өңірдің 10 мыңнан астам тұрғыны донорлық қан тапсырады. Орталықта медициналық ұйымдардың сұранысы бойынша қан компоненттерінің шамамен 17 мың дозасын дайындау жоспарлануда.

Сонымен қатар іс-шарада өңірдің 11 медициналық мекемесінің басшыларына 70 санитарлық автокөліктің кілті табысталды.