Министр жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысы және Солтүстік Арал теңізіндегі су ресурстарын ұлғайту және тұрақтандыру бойынша қабылданған жұмыстармен танысты. 

Жоба үш негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – теңізде және оған жақын аймақта балық аулау мен су ортасының жағдайын жақсартуды, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырабындағы сулы-батпақты жерлерді тұрақтандыруды көздейді. Су инфрақұрылымы жетілдіріліп, Солтүстік Арал мен Сырдария атырабындағы гидрологиялық жағдайы жақсарады. 

Екінші бағыт – Қызылорда облысында балық шаруашылығын, мал шаруашылығын, туризмді және орман отырғызуды дамыту арқылы орнықты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауды көздейді. Үшінші бағытта Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын басқару жүйесі жақсарады деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша министр ТЭН-ді  мерзімінен кешіктірмей әзірлеу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, сондай-ақ Арал аймағында жобаға қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізуді тапсырды.

«Әзірленіп жатқан жоба Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі ауқымды жобаның жалғасы болып табылады. Ол 2002-2010 жылдар аралығында іске асырылып, бүкіл Арал өңіріне оң әсерін тигізді. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

2024 жылдың басынан бастап Солтүстік Арал теңізіне 1,38 млрд текше метр су келді.