Дербес деректерді қорғау: 2022 жылы 23 әкімшілік іс, 2023 жылы – 38, ағымдағы жылдың 7 айында 44 әкімшілік іс болды. Наурыз айында дербес деректер жария болғаннан кейін азаматтардан 8,5 мыңнан астам шағым түсті.
Электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғауға келетін болсақ, негізгі жұмысты осындай бұзушылықтар болуы мүмкін мемлекеттік органдар жүйесінде жүргізу қажет. 2022 жылы 29 әкімшілік іс, 2023 жылы – 37, ағымдағы жылдың басынан бері 8 іс тіркелді.
Мұндай деректерді ОКҚ алаңында ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты. Сондай-ақ ол ақпараттық қорғауды күшейту жоспарларымен бөлісті.
«Күзде Мәжілісте ұсынылатын бастамалар бойынша кәсіби қоғамдастық және депутаттық корпуспен жұмыс істейміз. Халықты оқыту және хабардар ету платформасын құрамыз. Бірінші платформа іске қосылды. Портал CITIZENSEC.KZ деп аталады. Біз ел тұрғындарын платформа туралы электрондық үкімет порталы арқылы хабардар еттік. Бұл платформада әр азамат қарапайым бейнелер түрінде «киберқауіпсіздік», «жеке деректерді қорғау» және алаяқтардан қорғану туралы ақпарат ала алады. FinGramota.kz деген тура осындай ресурс Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінде де бар», –деді спикер.
Ведомство ақпараттық-коммуникациялық технологияларға бөлінетін жалпы бюджеттің 10-15%-ын ақпараттық қауіпсіздікті қаржыландыруға жұмсамақ. Бұл әлемдік тәжірибе. Бізде мемлекеттік органдардың шығындары 2-3%-дан аспайды.
Үлкен көлемдегі дербес деректері бар ақпараттық жүйелерге қызмет көрсететін «супер әкімшілердің» қызметіне бақылау орнату жоспарда бар, олар бұл деректерді ұрлап, іздерін жасырып, әрі қарай сататын жағдайлар бар. Мұндай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін жеке жауапкершілік, сондай-ақ қосымша техникалық шараларды енгізу көзделеді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарда және аса маңызды инфрақұрылым объектілеріндегі ақпараттық қауіпсіздік секторында жұмыс істейтін мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту; ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтарынан мемлекеттік органдар алатын қызметтердің базалық тізбесі; киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін айыппұлдарды ұлғайту ұсынылады.