Тараптар су саласының түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, бірлесіп кадр даярлау жөнінде сөйлесті.

Израильдік бизнесмендер Қазақстанда су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына инвестор ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Бұдан бөлек, израиль компаниялары су тасқынын болжау және одан қорғанудың заманауи жүйелерін ұсынуға дайын.

Сонымен қатар, тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, ауыз судың сапасын бақылау, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру мәселелері бойынша да серіктестік орнату жөнінде әңгімелесті.

Нұржан Нұржігітов кадр даярлау мәселесіне жеке тоқталып, еліміздегі су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Сондай-ақ, жоспарланған жобалар бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.

«Біз нәтижелі ынтымақтастыққа ниеттіміз. Израильдік компаниялардың суды сапалы басқаруда мол тәжірибесі мен заманауи технологиялары бар. Кейбір компаниялар Қазақстанда бұрыннан бері табысты жұмыс істеп келеді. Біз барлық салада суды барынша тиімді пайдалануға ниеттіміз, сондықтан серіктестігіміз өзара тиімді болатынына сеніміміз мол», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.