Барлығы 39 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Оқуға түсушілердің 43%-ы шекті балл жинады. Олар грант конкурсына қатыса алады.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Магистратураға түсушілер 13 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.