Аталған жүйе гидрологиялық және бұлт, ылғалдылық, жауын-шашын секілді ауа райы деректерінің негізінде сараптама жасайды. Қазіргі уақытта жүйеге Есіл өзені бассейнінің деректері енгізіліп жатыр.

Алдағы уақытта елімізге Нидерландтан жүйені әзірлеуші мамандар келеді. Олар қазақстандық мамандармен бірге өңірдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып, жүйені жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндіктерін пысықтайды.

«Жүйені әзірлеу барысында су тасқынын болжау және алдын алу бағытында тәжірибесі мол мемлекеттерді зерттедік. Осылайша, германиялық TALSIM және нидерландтық Delft-FEWS жүйелерін пайдаланып, су тасқынын болжау және модельдеудің цифрлық балама құралы ретінде пилоттық режимде енгізу жөнінде шешім қабылдадық. Осы шешімдерді пайдалану су тасқынын болжау және алдын алу мүмкіндігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады», – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.