Қазіргі таңда Ойындар алдында волонтерлер белсенді жұмысқа кірісті. Ойындар кезінде Дирекция тарапынан 1300 волонтер қызмет атқарады. Волонтерлерден ойын алдында барлығы 4500-ден астам өтінім келіп түсті, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан және Гана Республикасынан ниеттілер кездесті. 

«Сондай-ақ Ойындарға әлемдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы өте жоғары болды. БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1185 өтінім келіп түсті. Атап айтқанда, отандық журналистерден 815 өтінім, шетелдік БАҚ-тан 370 өтінім келді. Оның ішінде, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жан-жақты насихаттау мақсатында 92 журналист және танымал блогерлер тіркелген. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews, CCTV сынды БАҚ өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттаудан тыс қалған жоқ», – деді спикер.  

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі кезінде 8 қыркүйек күні сағат 16:00-ден бастап «Қазмедиа орталығы» арнайы баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады. Ол жерде ашылу салтанатынан тікелей эфир көрсетіледі. Сонымен қатар, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында «Қазанат» ипподромында, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдынында арнайы баспасөз орталықтары жұмыс істейді. Этноауылда шағын пресс-орталық ретінде жабдықталған киіз үй болады.