Светлана Жақыпова өзінің алғы сөзінде Жильбер Унгбоға және Халықаралық еңбек ұйымының делегациясына сапары мен ұзақ мерзімді ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Ол әлеуметтік диалогты нығайтудың және Қазақстанда Халықаралық еңбек нормаларын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Министр Қазақстан ХЕҰ-ның 25 конвенциясын, оның ішінде міндеттемелері ұлттық заңнамаға имплементацияланған 8 іргелі конвенцияның ратификациялағанын атап өтті.

«Қазақстан әлеуметтік әділеттілікке, әрі әділетті еңбек жағдайлары мен барлығына тең мүмкіндіктер жасауға зор мән береді. Біз әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалицияға қосылдық және ХЕҰ-мен, үкіметтермен және жұмыскерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерімен оның мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету бойынша белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, министр биыл Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясында қол қойылған Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстың нәтижелері туралы айтты. Негізгі жетістіктердің қатарында Мемлекеттік еңбек инспекциясын Министрлікке беру, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу үшін заңнамаға түзетулер әзірлеу және Ең төмен жалақы туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы бар.

Светлана Жақыпова сонымен қатар әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрлық инновацияларды, соның ішінде Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасын, Отбасының цифрлық картасын және Электрондық еңбек биржасын (enbek.kz) таныстырды. Ол елімізде ХЕҰ жобалық кеңсесін ашу кезінде Орталық Азия елдерінде осы жобаларды одан әрі масштабтауға үміт білдірді.

Өз кезегінде Жильбер Унгбо Қазақстанға халықаралық еңбек ұйымының халықаралық стандарттарын ұстанғаны және сақтағаны үшін алғыс айтып, цифрлық шешімдер саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтті. Ол Қазақстанда ХЕҰ жобалық кеңсесін ашу мүмкіндігіне қатысты оң пікір білдірді.

«Мен ХЕҰ стандарттарын ұстанғаны және іске асырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтамын. Біз сіздердің еңбек нарығын жақсартудағы жетістіктеріңізге және цифрлық жобаларыңызға тәнті болдық. Ал Жобалық кеңсені қарастыру – алға жасалған маңызды қадам», – деді Жильбер Унгбо.