ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов ОКҚ алаңындағы дөңгелек үстел барысында заңда көрсетілген негізгі ережелер жайлы баяндады.
Оның айтуынша, бұл адам құқықтарын қорғау үшін өте маңызды жүйелік кешенді заң.
«Бізде белгіленген салаларда тиімді жұмыс жүргізу үшін оны іске асыруға қажетті заң бар. Бұл – жыныстық қанау, адам саудасы, еңбек қатынастары, қайыр сұрау, орган саудасы. ІІМ жақсы заң әзірледі, депутаттар 100-ден астам түзетулер енгізді. Заң жүйелілік тұрғысынан өте орынды, өйткені халықаралық құқық, Біріккен Ұлттар ұйымының қағидаттары ескерілді, олар біздің заңнамамызда көрініс тапқан», – деп атап өтті спикер.
Жұмыс тобының отырыстары барысында үкіметтік емес сектордың ұсыныстары талқыланып, енгізілді. Ерекше маңызды мәселе - ведомствоаралық ынтымақтастық. Заңда азаматтардың құқықтарын қорғауды талап ететін қандай да бір жағдайда мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты жазылған.