Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары мал шаруашылығы, оның ішінде сүт-тауар фермалары және құс етін өндіру, өсімдік шаруашылығы, суару жобалары, өнімді сақтау жобалары болып табылады. Сонымен қатар, ет, сүт және астықты терең өңдеу, сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту да басымдыққа ие.

Жобаларды іске асыру бойынша Павлодар, Ақмола, Түркістан, Жамбыл және Қарағанды облыстары көшбасшы болды. Сонымен қатар, АӨК саласында бірде-бір жоба Алматы, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылған жоқ.

«Бұл жобалардың әлсіз пысықталуын, іске асыруға қызығушылықтың жоқтығын көрсетеді, алайда олардың бұл саланы дамытуда үлкен әлеуеті бар», – деді министр Айдарбек Сапаров өңірлердің жұмысын сынға ала отырып.

Айдарбек Сапаров инвестициялау үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті: қаражат тартылды – жеңілдікті несиелер, инвестициялық субсидиялар бар, бірақ жергілікті жерлерде жұмыс істеу қажет.

Министр әкімдіктерге 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытылы пайдалануға беру жөнінде шаралар қабылдауды, қаржы институттарына – техниканы жаңарту, жаңа технологияларды енгізу үшін жеңілдікті кредиттер мен лизингтік бағдарламаларды ұсынуда икемділікті арттыру есебінен қаржыландырудың барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.