Пилоттық жоба шеңберінде Тараз қаласындағы 160 мекеме, оның ішінде шағын-орталықтар мен жекеменшік балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесімен қамтылды.

Министрдің мәліметінше, пилоттық жоба арқасында 2024 жылдың шілде айында 2 жастан асқан 11 983 баланы құраған қаладағы балабақша кезегі қыркүйекте 17 балаға дейін қысқарған.

Сонымен қатар ваучерлік қаржыландыру жүйесі бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. Екі ай ішінде мектепке дейінгі білім беру саласына жұмсалған шығындар шілдедегі 1,7 млрд теңгеден қыркүйекте 1,1 млрд теңгеге дейін төмендеп, нәтижесінде шамамен 600 млн теңге үнемделді.

Бұл үрдіс ваучерлік қаржыландыру тетігінің тиімділігімен тікелей байланысты.

Біріншіден, жүйе талаптарға сай келетін барлық мектепке дейінгі ұйымдарға бюджет қаражатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, ата-аналарға балабақшаны өз қалауы бойынша таңдау құқығы беріледі.

Үшіншіден, «ақша қызмет алушы соңынан» қағидасы негізінде қаржыландыру процесі ашық жүргізіледі, яғни қаражат мекемеге ата-аналар баланың сабаққа қатысуы туралы деректерді растағаннан кейін ғана аударылады.

Министрдің айтуынша, тексеріс нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, жүйеде тіркелген мыңнан астам бүлдіршіннің Тараз қаласында тұрақты тіркеуі болмаған, 99 бала басқа өңірлердегі балабақшалар есебінде тұрған. Сондай-ақ жалған тіркеу бойынша бірнеше жағдай анықталды.

«Анықталған заңбұзушылық фактілері бойынша барлық материал құқық қорғау органдарына тапсырылып, тиісті шаралар қабылданады», — деп мәлімдеді министр.

Тараздағы оң тәжірибе жобаның еліміздегі басқа өңірлерге кеңінен таралуына жол ашып отыр. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру жүйесі Шымкент пен Түркістан қалаларында сынақтан өткізіле бастады. Тамара Дүйсенова тиісті министрлік пен облыс әкімдері орынбасарларына келесі жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізуге дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.

«Бұл – балалар мен олардың ата-аналары қажеттіліктеріне жауап беретін, мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың тиімді моделі», — деп атап өтті вице-премьер.