Асырап алушы ата-аналар мектептеріндегі жаттығуларға қатысу тегін және ол тренинг форматында өткізіледі. Бағдарлама бала тәрбиесінің психологиялық, әлеуметтік аспектілеріндегі тақырыптарды қамтиды. Оқу ұзақтығы 42-ден 60 академиялық сағатқа дейін, оның соңында қатысушылар сертификат алады. Бұл сертификат олардың бала асырап алуға әлеуетті екенін білдіреді. 

«Ата-аналарды дайындау — бұл балаларды табысты тәрбиелеудің негізі ғана емес, сонымен қатар олардың болашақтағы әл-ауқаты мен үйлесімді дамуының кепілі. Балалардың тәрбиесі мен эмоционалдық дамуын терең түсінуге бағытталған мектебіміздің арқасында біз үміткерлердің балаларды асырап алуға дайын немесе дайын еместігін анықтай аламыз», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Дайындықтан өтуге ниет білдірген үміткерлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың біріне еркін нысанда жазбаша өтінішпен жүгіне алады.