Аймақ тек елдің индустриалды орталығы ғана емес, жергілікті экономика құрылымы да үлкен өзгерістерге ұшырады. Облыс – республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетінші орында. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта әрбір екінші қарағандылық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Облыс экономикасына тартылатын инвестиция көлемі артып келеді. Жыл басынан бері өңірде екі ірі кәсіпорын ашылды. Сонымен қатар аймақтың географиялық орналасуы оны ең үлкен көлік-логистикалық орталыққа айналдыруға, ал климаттық жағдайлар мен ландшафт оның туристік әлеуетін қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.  

«Жыл басынан бері облыстың қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші 113,1%-ға жетті. Облыста өнеркәсіп өндірісі 9 айда 2,8 трлн теңгеге жетті, бұл ретте өңдеу секторында өнім шығару көлемі 2,2 трлн теңгеден асты. Өңірдегі ең ірі кәсіпорын - Qarmet ерекше орын алады. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша негізгі инвестор ауысып, кәсіпорында жаңғырту басталды. 9 айдың қорытындысы бойынша шойын, болат және жалпақ илек өндірісін 12%-дан 21%-ға дейін ұлғайту мүмкін болды. Жаңа инвесторға тапсыру кезінде 8 шахтаның тек 3-і ғана жұмыс істегенін атап өткім келеді», – деді спикер.    

Қазіргі уақытта 7 шахтада жұмыс қалпына келтірілді. Ұңғыма кенжарларының саны 11-ден 45-ке дейін өсті. Бұл шахталардың алдағы жылдарға жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кеншілердің қауіпсіздігі үшін екі шахтада іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. Келесі жылдың соңына дейін оны Qarmet-тің барлық шахтасында енгізу жоспарлануда. Индустриялық жаңғырту саласындағы табысты мысал – Саран. Ол Үкіметтің қолдауымен қала экономикасын әртараптандырудың үлгісі болды және тарихта алғаш рет айтарлықтай салық түсімдерін әкеле бастады. Бұл бірінші кезекте 400 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылып жатқан «Saran» индустриялық аймағын дамытудың арқасында мүмкін болды. Өңір басшысы автомобиль шиналары, автобустар, тұрмыстық техника өндірісін ерекше атап өтті.   

«Президенттің тапсырмасы бойынша бұл тәжірибе облысымыздың Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай сынды моноқалаларында да енгізіліп жатыр. Табыстың негізгі факторларының бірі инвестицияларды тарту болды. Жыл басынан бері облыс экономикасына 679 млрд теңге салынды, бұл өткен жылдың 9 айынан 14,6%-ға артық. Облыс картасында 2 жаңа кәсіпорын пайда болды және жыл соңына дейін 200 млрд теңгеден астам инвестиция сомасына тағы 8 жобаны іске қосамыз, бұл 2,6 мың жұмыс орнын ашады», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.  

Ірі жобалардың қатарына мыс және ферросилиций өндіретін зауыттар жатады.