Оның мәлімдеуінше, қазір салада кезекте ұзақ тұру, медицина қызметкерлерінің жүктемесінің көп болуы немесе олардың қолжетімсіздігі, процестің жабық жүргізілуі, заңсыз көрсетіліп жатқан медициналық қызметтер, статистика мен жоспарлау жүргізудің қиындығы сынды өзекті проблемалар бар. Оларды шешу үшін бірқатар жаңа жоба қолға алынбақ. 

«Бірінші жобаға қысқаша тоқталып кететін болсам, бұл осы сұрақтарды шешу мақсатында  6 бағыт бойынша жұмыс атқарып отырмыз. Бірінші ол, денсаулық сақтау саласының ресурстарының қолданыстағы ақпараттық жүйеге модернизация жасау. Екінші, жалпы медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіру, заманға сай талаптарға келтіру. Үшінші, медициналық деректерді бір дерекқорға жинау. Өйткені ол проблема бар. Ақпараттың жетіспеушілігінен, азаматтар қағаздарды қолма-қол алып жүруге мәжбүр. Көрсетілген көмектің ақысын сапалы және уақытылы төлеп, қамтамасыз ету», – деді спикер.  

Маңызды бағыттардың бірі – интеграция. Осы орайда денсаулық сақтау саласының бірыңғай порталын әзірлеу жоспарда бар. Қазір қолданыста бірнеше портал бар. Олардағы ақпаратты біріктіру қажеттілігі туындап отыр. Сол себепті денсаулық сақтау саласының ресурстарын басқару ақпараттық жүйесін жаңғырту көзделген. Бұл жоба аясында сектордағы 7 реестр цифрландырылады. Қазір олардың төртеуі ғана цифрландырылған. Олардың ішінде денсаулық сақтау ұйымдарының реестрі, денсаулық сақтау саласы кадрларының, ресурстарының реестрі, медициналық техниканың реестрі, денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттарының реестрі, медициналық қызметкерлерге берілген рұқсат құжаттар, лицензиялар мен сертификаттар, медицина қызметкерлері науқастарды қабылдайтын бірыңғай тәртібі бар.