Жаңа электр қосалқы станциясы Орал қаласын, жаңадан салынып жатқан шағын аудандарды және оған жақын орналасқан объектілерді, жалпы алғанда 120 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ал, №5 жылу магистралі 70 мың, №3 кәріз-сорғы станциясы 150 мыңға жуық пайдаланушыға қызмет көрсетеді.
«Сонымен қатар Орал қаласы бойынша біз №2, №21, №18А кәріз-сорғы станцияларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы осы жұмыстарды аяқтау, сонымен қатар орталықтағы барлық кәріз жүйелеріне байланысты проблемаларды түгелдей шешетін боламыз. Аталған нысандардың ішінен №2, №21 кәріз-сорғы станцияларын, №1 турбоагрегатты қайта жаңғырту және жаңа қосалқы электр станциясының құрылысы биыл ақталатын болады. Келесі жылы да осындай жұмыстары жалғасын табады. Жалпы алғанда, облыс орталығының су әкету және су көтеру нысандарының барлығына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аяқталатын болады», – деді облыс басшысы.
Биыл аталған объектілерді реконструкциялауға және жаңадан салуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 21 млрд теңге қарастырылды. Энергетика саласы бойынша маңызды сұрақтардың бірі - ол басқа елге тәуелділікті азайту. Электроэнергетика бойынша, Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандары толық Ресей Федерациясынан қамтылған. Осыған байланысты қазіргі уақытта 5 мегаватты газ поршеньді қондырғысын орнату бойынша келіссөздер жүргізіліп, Энергетика министрлігімен бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Газ саласы бойынша, облыста 4 елді мекен Ресейден газбен қамтылған, олар Жәнібек және Бәйтерек аудандарында орналасқан.
Сондай-ақ 2023-2024 жылдары бірқатар саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржыға 600-ден астам техника сатып алынды.
Экономиканың күре тамыры болып табылатын жол мәселесі де жіті назарға алынды. Мәселен, облыстың шалғай орналасқан Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарында 2019 жылы басталған республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, нәтижесінде барлық ауданның облыс орталығымен байланысы қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 144 шақырым Подстепное - Федоровка - Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 60 шақырымға жуық жол жөнделді, қалғаны келесі жылы жалғасатын болады.
«Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша Барбастау – Ақжайық – Индер және Жаңақала – Бисен бағытындағы жолдардың құрылысы жүруде. Үкіметтің қолдауымен жыл сайын жол құрылыстарына қаражат уақытылы бөлінуде. Өткен жылы 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биылғы жылы 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 км жол жөнделуде. 2025 жылы осындай көлемдегі жолдарды жөндеу жоспарланып отыр, – деді Н.Төреғалиев.
Сондай-ақ, облыс орталығы Орал қаласындағы көше жолдарын жөндеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Орал қаласында 58 шақырым жол жөнделсе, биылғы жылы 50 шақырымнан астам жол жөнделді.