Батыс Қазақстан облысы бойынша 28 657 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 2024 жылдың 1 қарашасына 26 810 адам жұмысқа орналасты, орындалуы 94%-ды құрайды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан құрылысы жоспарланып, 2023 жылы 12-сі пайдалануға берілді.
«Биыл 38-нің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Ауылдық жерлерде мамандардың тапшылығын азайту мақсатында қызмет етуге келген мамандарға да барынша көңіл бөлінуде. Біз биылғы жылы медицина мамандарына резидентураға 9 және абитуриенттерге 45 грант бөлдік, сонымен қатар берілетін көтерме ақыны 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көтердік және тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырмыз. Биылғы жылы 131 медицина маманы облысымызға жұмысқа қабылданды», – деді өңір басшысы.
Білім саласында былтыр 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе. Биыл жаңа 6 мектептің құрылысы аяқталады, 6 «Жайлы мектеп» мектептің құрылысы 2025 жылға ауыспалы. Келесі жылы қосымша 8 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осы жылы өңір кадрларын даярлау мақсатында жергілікті мектеп түлектеріне облыстық бюджеттің қаржысына 86 бакалавриат, 23 резидентураға оқу гранттары бөлінді. Бұл өз кезегінде білім алған жастардың өңірде қызмет етіп, аймақтың дамуына үлес қосуына серпін береді.
«Спорт саласына қатысты Мемлекет басшысының 2023 жылы өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес облыс орталығында 1000 орындық көп функционалды спорт кешені аяқталуда. Жалпы спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында ағымдағы жылы 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 1 модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Осылайша, облыстың барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен толықтай қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте облыстың ірі ауылдарын спорт нысандарымен қамтуды бастап кеттік, бүгінде 7 ауылға осындай спорт кешенден салып берсек, келесі жылы 6 ауылда спорт кешендерін салатын боламыз»,-деді Н. Төреғалиев.
Келесі жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының есебінен жаңа Теректі ауданының ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Мәдениет саласында төрт ауданда жеті нысан салу, сондай-ақ үш нысанды күрделі жөндеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жылы ауылдық кітапханаларды қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдық жерлерде 25 кітапхананы модернизациялау жобасы жүзеге асырылуда.
«Қазақстан халқына» қорынан бөлген қаражатқа кітапханаларға заманауи құрал жабдықтар, жиһаз сатып алынып, кітап қоры толықтырылатын болады. Сондай-ақ Оралдағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мәдениет және жастар үйі ғимаратында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Креативті хаб» іске қосылады. Хаб өңірдегі жастардың шығармашылығын дамытуға бағытталған.