Биыл облыстың барлық ауданында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген құны 11,5 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады. 

«2,3 млрд теңгені құрайтын  облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда.  Соңғы жылдары «Анаға тағзым» отбасы орталығы салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би және хор ұжымдары жасақталды. Былтырдан бері мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне жыл сайын «Тұран» арнайы сыйлығы табыстала бастады», – деді облыс әкімі. 

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд теңге болатын «Шығармашылық академиясы» салынуда. Бұдан бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.  

Жуырда сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылды. Жастар мен балаларды спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады, тағы 10 кешеннің құрылысы басталды. 

Аймақта экологиялық ағарту шаралары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн га жерге сексеуіл егу тапсырмасы аясында соңғы 4 жылда барлығы 600 мың га жерге орман отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 211 га жерге, 2025- жылы қалған 280 га аумаққа ормандандыру жұмыстары жүргізіледі. Арал теңізінің құрғаған ұлтанында ормандандыру жұмыстарына халықаралық ұйымдар мен ірі шетелдік компаниялар тартылып жатыр.