ОКҚ алаңында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев атап өткендей, газдың үздіксіз және қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету, таралуын, апат және адамдардың өміріне төнетін қатерлерді азайту басты міндетке жатады. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу үшін инфрақұрылымды жаңғырту, тұрақты тексерулер жүргізу, қатаң стандарттарды сақтау, сондай-ақ мамандар мен азаматтарды оқыту және ақпараттандыру сынды тәсілдерді қолдану керек.
«Елді газдандыру деңгейі 59%-ды құрайды. Яғни, 11,6 млн адам газбен қамтамасыз етілген. Әсіресе, батыс және оңтүстік аймақтарда газдандыру жақсы дамыған. Газбен жабдықтауға қатысты апаттардың соңғы статистикасы алаңдаушылық туғызатыны анық. Оқиғалардың негізгі үлесі жылыту кезеңіне тиесілі: 70%-газ баллондарымен байланысты проблемалар, 25% – иіс тиіп улану және 5% – басқа жағдайлар. Жылыту кезеңінде көптеген тұрғын тұрмыстық баллонды сыртқа шығарып қояды, кейін оларды сұйытылған көмірсутекті газдың толық булануын күтпестен үйлеріне әкеліп, газ жабдықтарына қосады, бұл апаттың болу ықтималдығын едәуір арттырады. Қазір қолданыста 346 мыңға жуық баллон бар. Бұл баллондарды қолдану мерзімі аяқталғандықтан, олар келешекте қауіп төндіруі мүмкін, оларды ауыстырған абзал», – деді спикер.
Бірақ қиындықтарға қарамастан, бұл мәселелерді шешу бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда газбен жабдықтау қауіпсіздігін екі негізгі орган бақылайды: Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және әкімдіктер. Жалпы саясатты жүзеге асыруда басты рөлді Комитет атқарады.
2024 жылы Комитет инспекторлары газбен жабдықтау объектілеріне 40 тексеру жүргізді, нәтижесінде 479 бұзушылық анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 12 іс қозғалды, 12 нысанның жұмысы тоқтатылды. 2022-2023 жылдар аралығында 190-нан астам тексеру жүргізілді, 1 мыңнан астам бұзушылық анықталды.
Газ жүйелерін тиімді және қауіпсіз пайдалану үшін мемлекет тарапынан бақылау ғана емес, сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар мен тұрақты тексерулер жүргізу де маңызды. Биыл тұрғын аудандарда 500-ден астам тексеріс ұйымдастырылды, әлеуметтік инфрақұрылым мен ерекше назар аударуды қажет ететін жеке меншік үйлер тексерілді. Сондай-ақ газбен жабдықтаушы ұйымдардың қатысуымен 80-нен астам кеңес өткізілді.
«Бақылаушы орган мамандарының біліктілігі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. 2021-2024 жылдар аралығында Тұрғын үй инспекциясының 296 инспекторы біліктілігін арттырса, 2023 жылдан 2024 жылға дейін 80 инспектор өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы курстардан өтті. Сондай-ақ біз олардың салалық біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасуы үшін шетелде, атап айтқанда, Ресей мен Беларусьте оқуы мен тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырамыз», –деп атап өтті ведомство өкілі.