«Ақтау» халықаралық әуежайынан ұшатын ішкі және халықаралық әуе рейстері 28 бағытқа дейін артады деп күтілуде. Кендірліде жаңа әуежай салынады.  

«Маңғыстау» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып,  нәтижесінде тәулігіне 2,5 мың жолаушыны қабылдайтын болады. Алдағы 5 жылда Маңғыстаудан қатынайтын жолаушылар пойыздарының 250 вагоны жаңарып, Құрық портында паромдық паркі құрылады деп жоспарлануда», – деді әкім.   

Ақтау мен Жаңаөзен қаласында озық үлгідегі жаңа драма театрлары салынбақ. Дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернатының құрылысын жүргізу де даму жоспарына енгізілді. Бұған дейін Маңғыстау спорт мектеп интернаты жоқ бірден бір өңір еді. Бұл орталық болашақ чемпиондарды дайындайды деген сенім бар. 

Ақтауды Баку мен Дубай қалаларының үлгісі бойынша дамыту үшін бас жоспарға өзгеріс енгізілді. Жоспарға сай қалада 10 мың орындық стадион, теңіз вокзалы, «Әуенді домбыра» сәулет құрылысы мен жаңа жағажай сынды нысандар бой көтереді.