Қазақстандық оқушылар Сингапур, Қытай, Грекия және АҚШ-та өткен робототехника бойынша халықаралық чемпионаттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді, Балқан түбегінің ең үздік жас математиктер үштігіне енді. Сонымен қатар Қазақстанның құрама командалары әлемдегі ең беделді 7 халықаралық олимпиадаға (IMO, IPhO, IBO, IOL, IСhO, IGeO, IOI) қатысып, 26 медаль иеленді: 2 алтын, 12 күміс және 12 қола.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша, 2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олардың тәлімгер-педагогтеріне біржолғы сыйақы төленіп келеді.
Химия пәні бойынша ең беделді Халықаралық олимпиадада (IChO) және робототехникадан «First Global Challenge» әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің арасынан оза шауып, екі олимпиадада да үш мәрте әлем чемпионы атанды.
Биыл 26 оқушыға жалпы көлемі 77,5 млн теңге, ал оларды дайындаған 24 мұғалімге 6,4 млн теңге сыйақы төленді. Алтын медаль иегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, қола медаль иегерлері 500 АЕК мөлшерінде сыйақы алады.
Алтын медаль мен I дәрежелі диплом иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшері, күміс медаль мен II дәрежелі диплом иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшері, қола медаль мен III дәрежелі диплом иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері төленеді.