ҚР Жоғары Сот Кеңесі судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, шекті жасын ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату мәселелерімен айналысады.  

«Егер бұрын судьялардың өкілеттіктерін уақытша немесе толық тоқтату мәселелерін Жоғары сот қараған болса, қазір олар Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. 2024 жылдың 15 шілдесінен бастап бұрын Жоғары Соттың қарамағында болған Сот төрелігі академиясы да Кеңестің қарамағына берілді. Яғни, судьялық кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру мәселелерінің барлығы қазір ЖСК-нің қарауында. Бұл шаралар судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Қазіргі уақытта Кеңес төраға және ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалатын басқа мүшелерден тұрады. Тұрақты мүшелер – судьялар, адвокаттар және ғалымдар. Бұдан бөлек, лауазымы бойынша Кеңестің құрамына Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті комитеттерінің төрағалары кіреді. Нұрия Сисенова атап өткендей, кеңес құрамының кемінде жартысын дәл қазір қызмет атқарып жатқан судьялар құрайды.