Мәселен, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақытында асық, тоғызқұмалақ, бес тас ойнату арқылы ұйымдастыру, қоңырауды күймен күмбірлету – мәдени мұраны сезінуге жол ашады. «Үнемді тұтыну» жөніндегі күнделікті жадынамалар білім алушылардың экологиялық мәдениетін дамытады.

Әр оқу аптасын Әнұранмен бастау – тәуелсіздік пен отаншылдық рухын бекемдей түседі. Апта дәйексөздері білім алушыларды нақты құндылықтарға үндеп, сабақтан тыс уақыттағы әрекетін соған бағдарлайды. Сондай-ақ әр сынып сағатының 10 минуты білім алушылардың жеке қауіпсіздігіне арналып, «Қауіпсіздік сабақтары» аясында техногендік, табиғи апаттардан, интернет пен басқа да денсаулыққа төнетін қатерлерден қорғану дағдыларын дамытады. Ай сайын зиянды әдеттердің алдын алу шаралары жүйелі ұйымдастырылады. 

«Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары жүйеленіп, 6 жобаны іске асыруға бағытталды. Білім алушыларды жауапкершілік пен мейірімділікке баулитын «Қамқор» жобасы аясында еліміздің 3 млн астам білім алушысы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, сенбіліктер ұйымдастырды; 2,1 млн жуық көшет отырғызды. Шығармашылық пен өнердің әлеуеті арқылы тәрбиелеуді көздейтін «Шабыт» жобасы аясында 1 млн білім алушы домбырада күй күмбірлетсе, 6-18 жас арасындағы 13 мыңнан астам бала «Әншуақ» фестиваліне қатысты. Одан бөлек, «Даналық ұстаздан», «Республикам – мақтанышым!»,«Жетістігім – еліме!», «Алғыс айту күні», «Ананың аялы алақаны» челлендждері өткізілді», – деді спикер.  

«Smartbala» жобасы аясында білім алушылар инновациялық өнімдер әзірлеп ұсынуда. «Балалар кітапханасы» білім алушылардың оқу сауаттылығы мен оқырмандық мәдениетін өркендетіп, рухани кемелдікке бастайды. Оның аясында 2580 кітап іріктеліп, тізімі бекітілді. Қазіргі уақытта осы тізімге сай кітапхана қоры толықтырылуда. Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға ұлғайту көзделіп отыр. Былтырдан бастап балалар кітапханасы порталы іске қосылды. 2025 жылы ақпан айында аталған жоба аясында «Шын жүректен кітап сыйла» челленджіне 700 мыңнан аса білім алушы қатысып, бір-біріне кітап сыйлады. 

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес түрлі шара ұйымдастырылуда. Солардың бірі – дәстүрге айналып үлгерген «Күй күмбірі» акциясы. 20 наурыз күні сағат 11-де барлық мектепте бір уақытта күй ойналатын болады. Оған 1 млн-ға дейін оқушы мен педагогтер қатысады деп күтілуде.

«Соған қоса, балалардың көктемгі демалыс уақытын мазмұнды ұйымдастыру жолға қойылған. Көктемгі демалыс уақытында мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша шаралар өткізіледі. Балалар әр айдың үшінші жексенбісінде және каникул уақытында музейлерге тегін бара алады. Оған қоса, театрларда балаларға арналған қойылымдар ұйымдастырылады. Биылғы көктемгі демалыстың тағы бір ерекшелігі – «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильмдер мен анимациялық фильмдерді мәдениет және білім беру ұйымдарында тегін ұжымдасып тамашалау мүмкіндігі жасалуда», – деді ведомство өкілі.

Бұл жұмыстар – болашаққа бағытталған ауқымды істердің бастамасы ғана. Бағдарлама балалардың парасатты, әділетті әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына жол ашып, ел дамуын жаңа белестерге шығаратын күшке айналмақ.