Оның айтуынша, бұл керемет мүмкіндік, осындай шаралар арқылы әкелер өз балаларын басқа қырынан тани бастады. 

«Жақында Алматы ауданы әкелері жиналып балаларымен бірге волейбол турнирін өткізді, оны Сарыарқа ауданының әкелеріне челлендж ретінде жолдадық. Осылайша әкелер өз үлгісімен баланы спортқа тартып, бос уақытты тиімді ұйымдастыруды көрсетті. Тағы бір мысал: өткен жылы бір ана Астана қаласы әкімдігі жанындағы жасөспірім балалар құқығын қорғау комиссиясына жүгініп, көмек сұрады. Біз оның жағдайын зерделеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы оны оқуға жібердік. Ол грант жеңіп алып, кәсіби білім алды. Қазір ол өзінің перде салонын ашуға дайындалып жатыр. Бұл – мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуі нақты адамдардың өмірін қалай өзгерте алатындығының айқын дәлелі», – деді спикер.

«Әкелер одағы» балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдерді әлеуметтендіру, әкелердің отбасы тәрбиесіндегі рөлін күшейту бағытында мектеп, колледж, мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырмақ.