Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жұмыс 17 наурыздағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты оқушыларының «Ішекті және клавишты аспаптардың үндестігі» атты концертін өткізумен басталып кетті.

«Сонымен қатар жоспарға сәйкес Алматы қаласындағы «Ақсай» балалар орталығында, «Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығында және Алматы облысы №1 балалар үйінде «Наурыз-Думан» атты қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып өткізді. Мамыр айында Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер хор ұжымдарының қатысуымен «Гүл Алматы. Flower city» атты фестиваль-концертін өткізу жоспарланған. Бұл фестиваль еліміздің музыка саласындағы теңдесі жоқ бірегей жобалардың бірі болып табылады», – деді спикер.  

Биыл төртінші рет ұйымдастырылғалы отырған бұл фестиваль филармонияның 90-жылдығымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30-жылдығына арналады. Сондай-ақ мамыр айында суретші студент жастардың өнерін насихаттау мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы және Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжімен бірлескен пленэр ұйымдастырылады. Бұл шара жас суретшілердің шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың туындыларын көпшілікке танытуға мүмкіндік береді. 

Маусым айында «Қазақстандағы концерттік ұйымдардың дамуы мен болашағы» атты Республикалық концерттік ұйымдардың ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылады. Бұл конференция Қазақстандағы концерттік ұйымдардың қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаң болмақ. Конференция барысында саланың мамандары мен өнер қайраткерлері өзара тәжірибе алмасып, концерттік индустрияның болашақта қалай дамитыны туралы ой-пікірлерімен бөліседі.