Қараша айында филармонияның барлық ұжымының қатысуымен бірлескен Гала-концерті Республика сарайында өткізіледі.
«Мерейтой аясында филармонияның әр шығармашылық ұжымдары мен солистеріне арналған 60 минуттық винил пластинкаларын шығару жоспарланған. Бұл дыбыстық таспаларда әр ұжымның және солистердің үздік шығармалары жазылады, тыңдармандарға жоғары сапалы әртүрлі жанрдағы музыка ұсынылады. Сонымен қатар филармонияның 90 жылдық шежірелі тарихын, ұжымдардың шығармашылығын кеңінен таныту мақсатында арнайы кітап шығарылуы да жоспарланған», – деді спикер.
Биыл филармония жыл бойы 195 концертке, ал көрермендер санын 49 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. Мерейтой аясында өткізілетін концерттер, фестивальдер, іс-шаралардан бөлек филармония ерекше көңіл бөліп өткізетін концерттердің қатарында көрнекті тұлғалардың мерейтойларына орай ұйымдастырылатын концерттер бар.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда балалар мен жастардың музыкалық білім алуына ерекше көңіл бөлініп, әлемдік музыка өнерімен таныстыруға бағытталған көптеген шара өткізіледі. Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің қатысуымен балаларға арналған абонементтік концерттер жас ұрпақтың мәдениетке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар тек балалар мен жастарды музыкалық өнермен таныстыру ғана емес, оларды мәдени құндылықтарды құрметтеуге, өнерге сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелейді. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған ұжымдардың концерттері де белгіленген.