Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі - еліміздің мәдениет саласында ерекше орны бар ұжым. Бұл ансамбль бүгінде тарихта 70 жылдық белесті еңсеріп отыр. «Салтанат» би ансамблі 16 балет әртісінен өз хореографиялық жетістіктерін бастаған.
«Қазіргі таңда ансамбльде 70-тен астам балет әртістері еңбек етуде, репертуары Қазақстан этностары билерінің сан алуан бейнесі мен әлем халықтарының би мәдениетінің алуан түрін қамтыған 160-тан аса би қойлымдарымен толықтырылды. Көптеген концерттер Қазақстанда ғана емес, шет елдерде өткізілді. Сондай-ақ ҚХР, АҚШ, Франция, Үндістан, Түркия, Бельгия, Мысыр, Финляндия, Италия, Оңтүстік Корея басқада мемлекеттерде және еліміздегі ауқымды шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.Тарихта алтын әріппен жазылатын шараларға ансамбль белсенді қатысты. Атап айтсам, Астана қаласында ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысты», – деді спикер.
Астана, Алматы қалаларында шығармашылық кешін жоғары дәрежеде өткізген ұжым 2024 жылы Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербуг қаласында жеке концертін өткізді. Бұл ерекше кеште алпысқа жуық өнер шеберлері мен балет артистері қатысты. Ресей елі ыстық ықыласпен қарсы алды.Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында халықаралық фестивальге қатысып, қазақ өнерін тағы бір паш етті.
Биыл ансамбль ел өңірлеріне гастрольдік іс-сапарын жоспарлап отыр. Жергілікті хореографтар үшін шеберлік сағаттары өткізіледі. Ансамбль ұжымы жастар арасында би өнеріне деген қызығушылықты арттыруға барын салмақ.