Оның айтуынша, енді азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін алу құқығы беріледі. Бұл - осы заңнамалық актідегі маңызды түзету. Азаматтық қорғау органдарының негізгі міндеттері мен функцияларын атқаратын қызметкерлер енді тұрғын үй төлемдерін алу құқығына ие. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, білікті мамандарды жұмысқа тартуға бағытталған.
«Қызметтік ауысым кезінде қызметкерге және оның отбасы мүшелеріне көтерме төлемдерді төлеу, өз мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу көзделген. Осы шара аясында көтерме төлем азаматтық қорғау органдарының қызметкеріне екі айлық жалақы мөлшерінде, ал оның бірге көшкен әрбір отбасы мүшесіне бір айлық жалақының жартысы көлемінде төленеді. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне төтенше жағдай жарияланған аумақта тапсырмаларды орындау кезінде қосымша қаржылай қолдау беріледі. Мұндай жағдайларда қызметкерлер мен әскери қызметшілердің қызмет ету мерзімі бір күн үшін үш күн болып саналады, ал ақшалай қаражат үш есе мөлшерде төленеді», – деді спикер.
Жаңа заңда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үйлерді жекешелендіру құқығын беру қарастырылған. Бұл шара қызметкерлерге тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беру арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсартады.
Қызметкерлерге денсаулығына байланысты санаторий-курорттарда емделу мүмкіндігі берілді. Қай жағдайда ем алуға болатыны арнайы ережемен бекітіледі. Бұл қызметкерлерге талапқа сай жақсы медициналық мекемелерді таңдауға мүмкіндік береді. Біз қызметкерлердің жұмыстан кейін денсаулығын қалпына келтіруіне жағдай жасап, қолдау көрсетеміз.
Ерікті өртке қарсы құрылымдар ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруда. Олар үшін Заңда өрт сөндіру кезінде жарақат алған немесе қаза тапқан жағдайда өтемақы төлеу, жалақыны сақтау, өртті сөндіру кезінде негізгі еңбек міндетінен босату тәртібі белгіленді.