Сонымен қатар барлық өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін студенттік омбудсмендер жұмыс істейді. Оларға 6 079 адам хабарласып, мәселелері шешілген. 

Ал, Жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қарастырылған Университеттің үшінші миссиясы бойынша студент жастарды қоғамға әлеуметтендіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 

«Қазіргі таңда студент жастар арасында Абайдың «толық адам» ілімі негізгі 3 бағыт бойынша жүзеге асырылуда, ол «ыстық қайрат – нұрлы ақыл – жылы жүрек». Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмыстарын жүргізудің жүйеленген әдістемесі бекітілді», – деді спикер. 

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» принциптерін ұсынуы осы Абай идеологиясын ілгерілетудің бір бастамасы болды.  

Бүгінде ЖОО-да қызмет атқару үшін 51 комплаенс-офицер даярланып шықты. Олар ЖОО-да сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты жұмыс жүргізеді. 

Сонымен қатар ЖОО-да психолог мамандар жұмыс істейтін психологиялық қызметтер құрылған. Осы құрылымдардың қызметін реттеу үшін Министрлік арнайы ұсынымдар әзірледі. Онда штат санын кемінде 4 адамға жеткізу қарастырылған.