Оның хабарлауынша, әр сарбаздың өмірі бақылауда болады, оған «Сарбаздар аналары комитеті» тартылды. 

«Әскерде сарбаздардың ата-аналарымен және туыстарымен бейнебайланысқа шығуын қамтамасыз ететін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі белсенді қолданылып жатыр. «Өміріңді сақта» бағдарламасы аясында әлеуметтік қатер картасы мен оны алғашқы сатысында алдын алу әдістемесі жасалды. «ARMIA.KZ.» ақпараттық сервисі жұмыс істеуде. Ол Қарулы Күштерді цифрландыру және азаматтармен «Ашық үкімет» қағидаты бойынша өзара әрекет етуді жақсарту үшін жасалды», – деді спикер.  

Сондай-ақ әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл, ең алдымен, білім беру секторындағы жеңілдіктер мен несиелік демалыстарға қатысты. Жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген мерзімді қызмет сарбаздары үшін сарбаздардың рейтингін автоматты түрде анықтайтын және ЖОО-н таңдауға мүмкіндік беретін «Сарбаз» цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Мәселен, қызметте ерекше көзге түскен, жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығында жоғары нәтиже көрсеткен 2183 мерзімді қызметкер мемлекеттік грант бойынша оқуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, 20 мыңнан астам әскери қызметшіге 8 млрд теңге сомасына «несиелік демалыс» берілді.