Оның хабарлауынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тиімді менеджментті қалыптастыру мақсатында колледждерді басқарудың жаңа тәсілдері мен педагогикалық апргрейд енгізілуде.
«Қазіргі уақытта 30 колледж корпоративтік басқару жүйесіне көшуде, бұл – ТжКБ ұйымдарының бизнес-процесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыратын тиімді тәсіл. Қаржыландыру көздерін әртараптандыру арқылы колледждердің қаржылық дербестігін кеңейтіп, нәтижелілігін ынталандыруға бағытталған шаралар кешені іске асуда. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың диференциалды жаңа әдістемесі жасалды. Бағалау арнайы ақпараттық жүйеде автоматты түрде ашықтық қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі», – деді спикер.
Жүйені сапалы жаңғырту кадрлық әлеуетті арттырусыз мүмкін емес. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жаңа буын басшыларының пулы қалыптастырылды.
2025 жылы 5770 педагог үшін жаңа технологияларды меңгеруге, кәсіби әрі жеке дағдыларын жетілдіруге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Оның ішінде өндіріс базасында 2 мың педагог профильдік курстардан өтеді. Педагогтерді үздіксіз кәсіби дамыту бағыты олардың құзыреттерін сертификациялаумен толықтырылады. Жалпы 2027 жылға дейін шамамен 10 мың педагогті даярлау және сертификаттау жоспарланған.
Педагогтерге арналған өндірістік практика және тәлімгерлік жүйесі енгізілуде. Оқытушылар жетекші кәсіпорындардың өндірістік алаңдарына жіберіліп, саланың жаңа технологиялары және талаптарымен танысады, сондай-ақ тәжірибелі өндіріс шеберлері мен жетекші оқытушылар жас мамандарға қолдау көрсетеді. Мұндағы мақсат – колледждерде практикаға бағдарланған, үнемі дамитын және заманауи экономиканың талаптарына сай студент даярлайтын жаңа буын педагогтарын қалыптастыру.