Аталған қағидаларда туристік инфрақұрылым нысандарына қойылатын міндетті талаптар, жағажайларды абаттандыру, экотуризмді дамыту және белсенді туризм түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде ұлттық стандарттарды қолдану көзделеді.

«Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға курорттық аймақтардың шекараларын айқындау, сондай-ақ мастер-жоспарларды, бас жоспарларды және дизайн-кодтарды әзірлеу жөніндегі өкілеттіктер бекітіледі. Курорттық аймақтар үшін арнайы құқықтық режим орнату ұсынылады. Ол басым туристік аумақтарға берілетін инвестициялық преференциялармен ұқсас болады», – деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ туризм саласындағы жобаларды жеңілдетілген несиелендіруді қаржыландыруды көздеу ұсынылады. Курорттық аймақтарда міндетті талаптардың сақталуын бақылау және қадағалау жүйесін бекіту де маңызды. Бұл жүйеге жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу, шектеу шараларын қолдану кіреді.