«Біз тек жедел жұмыспен ғана шектелмейміз. Оқушылар, студенттермен түсіндіру жұмыстарын, сабақтар өткіземіз, әлеуметтік роликтер шығарамыз. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам түрлі профилактикалық іс-шара өткізілді. Ел мектептерінде 7 мыңнан астам профилактикалық дәріс оқылды, жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам іс-шара өтті. 1,5 млн-нан астам адам қамтылды», – деп атап өтті спикер.

Оның мәлімдеуінше, бұл жұмысқа ІІМ қызметкерлері, ҮЕҰ, жастар бірлестіктерінің өкілдері мен еріктілер де тартылды. Спикер бұл іс-шараларға тек мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді ғана емес, ата-аналарды да белсенді тарту қажет деп санайды. Осы мақсатта Министрлік «Әр үйге тест» жобасын іске қосты. Яғни, ата-аналар өздері балаларының есірткі тұтынуын тексере алады. ІІМ бұл шара жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігін ерте кезеңде тоқтатуға мүмкіндік береді деп санайды.