Сонымен қатар 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшеге толығымен асфальт төсеу жоспарланған. Соңғы 3 жылда 63 көшеде алғаш рет асфальт пайда болды.
«Сондай-ақ елді мекендердің көшелеріне, әсіресе, шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылады. Биыл бұрын ешқашан асфальт болмаған 51 елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша жергілікті желідегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ға дейін, ал республикалық желі бойынша 88%-ға дейін жеткізілді», – деді спикер.
Солтүстік Қазақстан облысы үшін 2024 жылғы су тасқыны үлкен сынақ болды. Осы орайда биыл көктемде Петропавл мен қала маңындағы аудандардың беріктігі тағы да тексерілді. Бұл ретте былтырғы су тасқынының барлық сабағы ескерілді. Өткен және ағымдағы жылдары Есілдің тасқын суларынан Петропавл мен қала маңын қорғау бойынша шаралар кешені іске асырылды.
Облыс орталығы және Қызылжар ауданында бөгеттерді қайта жаңарту аяқталуда. Барлық бөгеттің биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 метрге дейін жеткізілді. Бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Жергілікті бюджет есебінен Есіл жайылмасындағы тұрғын үйлерді қорғау үшін 2 жер қорғаны салынды. Сонымен қатар Петропавл су торабынан 32 шақырым төмен учаскеде Есіл арнасын тазарту және түбін тереңдету бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Болашақта бұл өзеннің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жайылмада орналасқан Заречный кенті су басу қаупі жоғары аймақ болып табылады. Сондықтан тұрғындарды қала орталығына толық көшіру шешімі қабылданды. Алғашқы тоқсан пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысы аяқталуда. Жыл соңына дейін алғашқы тұрғындарды жаңа үйге қоныстандыру жоспарда бар.