«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы өңірге инвестиция тартудың орталығы болып қала береді. Бүгінгі таңда 22 қатысушы тіркелген, жалпы инвестициялар көлемі 317 млрд теңгеден асады, шамамен 4 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Олардың ішіндегі құны 28,4 млрд теңгеге тең 5 жоба іске қосылды, шамамен 700 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы инвестиция сомасы 280 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асыру кезеңінде және оның аясында 3,3 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл – Түркия, Италия, Қытай, Германия, Катар, Ресей және Қазақстан инвесторлары қатысатын жобалар», – деп нақтылады өңір басшысы.

Ірі шетелдік инвесторлар арасында мына компаниялар бар: Катарлық «Ультрадекор» компаниясы – құны 90 млрд теңгеден асатын АЖТ және ЛАЖТ плиталарын өндіретін зауыттың құрылысын бастады; Ресейлік «Бейкертон» компаниясы құны 37,3 млрд теңге және 380 жаңа жұмыс орнын құруды қарастыратын кондитерлік өнімдер өндірісі жобасын іске асыруда; Қытайлық «QILU Agro» компаниясы тракторлар, тіркемелі және аспалы ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр; Ресейлік «Уралкран» компаниясы жылына 100 бірлікке дейін крандар мен жүк көтеру жабдығын шығаратын зауыт салуда.

«Өткен аптада біздің облыстың бизнес-делегациясы Қытай Халық Республикасына барып, жетекші қытай инвесторларымен кездесулер өткізді. Сапар қорытындысы бойынша өңір экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын 7 стратегиялық меморандумға қол қойылды. Құжаттар жаңа зауыттардың құрылысын және Қазақстан-Қытай ғылыми-аграрлық орталығын құруды қарастырады», – деп қосты әкім.

Жергілікті инвесторлар да шет қалмайды. Мәселен, отандық кәсіпкер Дмитрий Шарапаев саңырауқұлақ фермасы мен компост зауытын ашты. Инвестициялар сомасы шамамен 11,3 млрд теңгені құрады.

Кәсіпорын жылына 1 200 тонна саңырауқұлақ және 5 200 тонна компост өсіру мен өңдеуді жоспарлап отыр.

«Техноэкопарк» экологиялық жобасы да үлкен әлеуетке ие, оған қоқыс сұрыптау кешені, қағаз бұйымдары фабрикасы, картон комбинаты және металлопластикалық бұйымдар зауыты кіреді.