Оның мәлімдеуінше, 2027 жылға дейін 29 мың басқа арналған 11 бордақылау алаңдарын іске қосу жоспарда бар. Жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдегі бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығын 75 мың басқа жеткізілмек. 

«Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда соңғы 3 жылда республикалық бюджеттен арнайы бағдарлама аясында 21 млрд теңге қаражат бөлініп 12 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 5 сүт-тауарлы ферма, 2 көкөніс сақтау қоймасы, 2 бордақылау алаңы, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша жобалар бар. Бұл жобалар өңірдің сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22%-дан 39%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін негізгі 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы қайта өңделген өнім көлемі 208 мың тоннаны немесе 64,5%-ды құрады. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 70%-ға жеткізу көзделген», – деді спикер.

Егін шаруашылығы да серпінді дамуда. Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 15 мың гектарға ұлғайып, 638 мың гектарға жетті. Егістік алқаптарды әртараптандыру нәтижесінде бұршақ тұқымдас дақылдар көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектардан 22,4 мың гектарға дейін, яғни 12 есеге артты.

Өңірде маусымаралық кезеңде көкөніс тапшылығын болдырмау үшін, қажеттілікті 100%-ға қамтитын жалпы сыйымдылығы 65 мың тонналық 30 заманауи көкөніс қоймасы тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша 18,5 мың тонналық 4 көкөніс сақтау қоймасының жобасы жоспарлануда.