Мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыру үшін суармалы егіншілік алқабын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 3 млрд теңге қарастырылып, суармалы жер көлемін 12,4 мың га-дан 2028 жылға қарай 38 мың га-ға жеткізу жоспарланған. Бұл алқаптарда мал азықтық дақылдармен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 3 мың га картоп, көкөніс өнімдері де егіледі.

«Су шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі. Бүгінде облыстағы 50 гидротехникалық нысанның 25-іне жөндеу жұмыстары қажет. 2024 жылы 1 млрд теңгеге 10 су қоймасына қайта жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 11 су қоймасына көпфакторлы зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 су қоймасын қайта жаңғырту жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2,9 млрд теңгеге 19 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды», – деді әкім.

Бөгеттердің жалпы ұзындығы – 37 шақырым. Каналдардың өткізу қабілетін қамтамасыз ету үшін үш жылда 281 шақырым каналдарға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді, келесі жылы 150 шақырым тазартылады. Сонымен қатар биыл ұзындығы 192 шақырым болатын Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның құны – 4,6 млрд теңге.

Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Үлкен және Кіші өзендер бойында 38 млн текше метр болатын екі су қоймасын салу жоспарланып отыр.

Өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринария саласының материалдық-техникалық жабдықтау басты назарда. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 576 млн теңге қаржы бөлініп, жаңадан 1 ветеринариялық станция және 29 ветеринариялық пункт қолданысқа берілді.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 232 млн теңгеге 29 мал қорымдары салынуда. 2026-2027 жылдарға осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд қаржы қарастырылды. Алдағы екі жылда 3 ветеринариялық станция, 55 ветеринариялық пункт және 73 мал қорымы салынады. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 1 317 жобаға 9,4 млрд теңге несие беріліп, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарламаға қатысушылардың өнімдерін өткізу мәселесін шешу үшін өткен жылы еліміздегі ірі компаниялардың бірі – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясымен Меморандум жасалды. Нәтижесінде 8,8 тонна сары май, 3,7 млн дана жұмыртқа, 168 тонна ет, 486 тонна көкөніс тапсырылды.