Оқыту 21 мемлекеттік және 14 жеке колледж базасында жүргізіледі. Бұл оқу орындарында WorldSkills стандарттарына сай жабдықталған заманауи оқу-өндірістік цехтар жұмыс істейді. Осының арқасында түлектер өндірісте бірден жұмыс істеуге дайын, нақты сектор талабына толық сай маман болып шығады.
«Өңірде жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда. 2024 жылы «Жайық жастары» жеңілдетілген ипотекалық өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 151 жас отбасына 2,5 млрд теңге көлемінде 5% мөлшерлемемен несиелер берілді», – деді спикер.
Әкім аймақтағы көлік-логистика саласын дамыту жайына да тоқталып өтті. Өңірдің транзиттік әлеуетін күшейту мақсатында Қазақстан-Ресей шекарасындағы автомобильдік өткізу пунктілерін жаңғырту жұмыстары басталды. Биыл «Сырым» автокөлік өткізу пунктін қайта жаңғырту қолға алынса, келесі жылы «Тасқала» жобасы іске асырылады. Жаңғырту аясында инфрақұрылым толық жаңартылып, заманауи бақылау және рәсімдеу жүйелері енгізіледі. Бұл өткізу қабілетін арттырып, шекарадан өту уақытын қысқартады. Аталған шаралар өңірдің транзиттік әлеуетін ұлғайтып, логистикалық бағыттардың тартымдылығын арттыра түседі.
«2023–2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 259 млрд теңге қаралды. Осы қаражат есебінен барлық деңгейдегі 1 500 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Соның ішінде жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 56 елді мекенде кіре беріс жол жөнделді. Облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, бұл жобаға 82 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталды», – деді Н.Төреғалиев.
Өңірлік туристік картаның ТОП-50 нысанына енген, республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын ұзындығы 21 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар 2025 жылы облыс аумағында жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 4 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Жаңа кейіпке енген вокзалдар заманауи сервиске сай жабдықталып, халыққа қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек.