Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Салада атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, өсім деңгейі 113,4%-ды құрады. Өңір өсім қарқыны бойынша республикада алғашқы бестікке кірді.

Сондай-ақ әкім аймақта жасыл энергетиканы дамыту жайына тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан өңіріне қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені шешу үшін 6 маңызды жоба қолға алынды. Атап айтқанда, «Самұрық Қазына» қорымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Нысан құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарлануда.

«Түлкібас ауданында 320 МВт-тық бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт-тық 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл. Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт  болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде, жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз», – деді өңір басшысы.