Спикер Ұлттық тауарлар каталогы не үшін қажет екенін түсіндіріп өтті. Бұған дейін түрлі мемлекеттік жүйеде әртүрлі классификатор бір мезетте қолданылып келген.

«Бұрын бірыңғай тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбегі, қазақстандық тауардың сәйкестендіру нөмірі, сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторы, экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім классификаторы қолданылды. Салдарынан бір тауар кеденде, статистикада немесе мемлекеттік сатып алуда түрлі атаумен тіркелуі мүмкін еді. Мысалы, бір жүйеде тауар «күнбағыс майы» деп аталса, екінші жүйеде «өсімдік майы» деп жалпылама аталуы мүмкін, ал үшінші жүйеде «тазартылған күнбағыс майы» деген нақты атау қолданылуы ықтимал. Формалды түрде бұл үш түрлі тауар, бірақ іс жүзінде бір өнім. Мұндай бытыраңқылық қателіктерге, қайталануға, процестердің баяулауына және есеп жүргізудің қиындауына әкеп соқтырды», – деді Әсет Нүсіпов.

Оның айтуынша, Ұлттық тауарлар каталогы бұл кедергілерді толығымен жояды. Тауардың атауы, құрамы, сипаттамалары, өндірушісі туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай дереккөз құрылады. Бірізділік NTIN (National Trade Item Number) ұлттық тауар сәйкестендіру кодын беру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл код электрондық шот-фактураларда, тауарларға арналған ілеспе құжаттарда, кассаларда, салық сервистерінде, сатып алуларда және логистикада қолданылады.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық тауарлар каталогы Қазақстан Республикасында міндетті түрде қолданылады. Бұл бүкіл нарықтың цифрлық ашықтықтығын жаңа деңгейге шығарады. Маңыздысы – осы күннен бастап Қазақстан аумағында сатылатын барлық тауар, яғни импорттық тауарлар да, отандық өнімдер де бірегей NTIN кодын алуға тиіс. Тек түпкілікті өнімді өндіруге пайдаланылатын шикізат пен аралық материалдар ғана бұл талаптан босатылады», – деп мәлімдеді вице-министр.