Молалы айналмасынан Балқаш көліне дейінгі жол биыл жаңғыртудан кейін көлік құралдары үшін ашылды.
«Былтыр Балқаш көліне дейін «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолының құрылысын бітірдік. Келесі жылы «Талдықорған – Үштөбе» жолына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. 2023-2025 жылдары 188 елді мекеннің ауылішілік көшелері жөнделді», – деді облыс әкімі.
2023-2024 жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтауға Жетісудағы 4 ауыл қосылды, 25 елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарды. 2025 жылы тағы 4 елді мекен сумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде облыста 329 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталып, қамтамасыз ету деңгейі 99,9%-ға жетті. Қалған 27 елді мекен тұрғындары суды тасып ішеді.
Облыс құрылғанға дейін тек 5 елді мекен немесе облыс халқының 25%-ы ғана газдандырылған болған. Жыл соңына дейін барлығы 126 елді мекенге газ құбыры тартылады. Газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді. Биыл «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы аяқталды. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылмақ. Жеке инвестициялар есебінен «Алматы-Талдықорған» екінші магистралды газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.