Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды.
«Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығы салынуда. 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа қосымша ғимараттар салынды. Екі ауданда 4 млрд 500 млн теңгеге жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараттары салынып, ел игілігіне табысталды. 2 млрд 700 млн теңгеге Қан орталығы ашылып, жұмыс жасауда. Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық ғимараты мен 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхананы салуға Үкіметпен тиісті қаулы қабылданды. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы.
Тұрғындардың сұранысына сәйкес соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 дана жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, пайдалануға берілді. Өңірдегі барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдары арнайы қызметтік автокөліктермен 100% қамтамасыз етілді. 6 млрд теңгеге 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Денсаулық сақтау мекемелеріне 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87%-дан асты.
Сала мамандарының біліктілігін арттыру ұдайы назарда. Өткен жылы 15 дәрігер мамандар Түркияның жетекші медициналық клиникасында білімдерін жетілдірді. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік дәрігерлік клиникаларда біліктілігін арттырды.