Қалада 437 мың автокөлік тіркелген. Күн сайын қалаға 90 мың автокөлік кіріп, транзитпен өтеді.
«Біз көше-жол желісінің қарбалас сағаттарда шамадан тыс жүктелетінін байқап отырмыз. Әсіресе таңертең Нұра, Есіл көпірлері арқылы бағыттарда, ал кешкі уақытта кері бағытта Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары, Қонаев, Достық, Сарайшық көшелері бойында жүктеме жоғары. Жол картасы аясында ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді шаралар қабылдау көзделген. Қысқа мерзімді бірқатар шара қабылданып, белгілі нәтиже беріп отыр. Мемлекеттік органдар мен бірқатар ұлттық компанияның жұмыс кестесін өзгертуге қатысты көптеген сұрақ туындауда. Бұл кесте қазан айынан бастап толық режимде енгізілді. Бұл таңертеңгі уақыттағы жағдайды өзгертуге мүмкіндік берді. Автокөліктердің таңертеңгі қозғалысы ертерек басталды — сағат 6:30–7:00 аралығында. Алайда қарбалас уақытта, яғни 8:00–10:00 аралығында негізгі көшелердегі автокөліктер саны 10–15%-ға азайды. Негізгі магистральдардағы жүктеме 5–10%-ға төмендеді», – деді Астана әкімі.
Оның айтуынша, көпірлер бағытындағы негізгі шығаберістерде кешкі жүктеменің жоғары болуы мәселесі әлі де сақталып отыр. Кешкі қарбалас сағатта қозғалыс жылдамдығы небәрі 4%-ға ғана артты, алайда бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
«Қоғамдық көлікті пайдалану үлесі бір жылда 43%-ға өсті. Біздің мақсатымыз – бұл көрсеткішті 65%-ға жеткізу. Өткен жылы күзде қоғамдық көлікті тәулігіне 850 мың адам пайдаланса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 млн 150 мың адамға жетті. Тәуліктік жолаушылар ағыны 37%-ға артты. Биыл алты автопарк 422 автобус сатып алды, оның бесеуі – жекеменшік. Соңғы екі жылда жылжымалы құрамның 48%-ы жаңартылды. 2026 жылы бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар шамамен 500 автобус сатып алынады. Қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны едәуір артады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Спикер 30 қыркүйектен бастап LRT жүйесі сынақ режимінде жұмыс істеп тұрғанын еске салды. Айдың соңына дейін барлық вагондар жеткізіледі деп күтілуде. Станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу үстінде. Алдағы бірнеше айда сынақ режимі аяқталып, LRT толық жұмыс режимінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл, әсіресе Қалдаяқов, Сығанақ, Қабанбай батыр көшелері бойында Есіл және Нұра аудандарындағы жүктемені белгілі бір деңгейде азайтады.
«Bus Lane жүйесі 140 шақырымды қамтиды. Келесі жылы тағы 30 шақырым қосамыз. 2026 жылы сыртқы көлік ағындарын ұстап қалу және қала ішіндегі ауысулардың жылдамдығын қамтамасыз ету үшін 10 көлік-ауысым торабын салу жоспарланған. Биыл қалада 14 шақырым жол салынды, 60 шақырым жол жөнделді. Қажетті шешімдердің бірі – көпдеңгейлі жоғары жылдамдықты транзиттік жол салу. Біз бірнеше негізгі магистраль бойынша көпдеңгейлі жол айрықтары бар жылдам транзиттік көшелерді жобалауға көштік. 2026 жылды толықтай жобалау жұмыстарына арнаймыз. 2027 жылы құрылысты бастауды жоспарлап отырмыз, алғашқы жоба Қабанбай батыр даңғылы бойынша іске асады. Бұл Мәңгілік Ел мен Қабанбай батыр даңғылдарын айтарлықтай жеңілдетеді», – деп толықтырды елорда әкімі.
Сонымен қатар көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасында тұрақ саясаты да көзделген. Өткен аптада барлық автотұрақ кеңістіктерін қала меншігіне өтеусіз беру туралы келісімшартқа қол қойылды.